ЭФИРДЕ — БІЗДІҢ МАМАНДАР
«Jasyl meken» компаниясы негізгі міндетінен бөлек, жұртшылыққа экомәдениет, қоршаған ортаны қорғау туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, БАҚ өкілдерімен байланысты нығайтуға да күш салады.
Осы мақсатта «Jasyl meken» ЖШС бөлім басшысы Әділбек Тұяқов пен жобалаушы-эколог Аяжан Ермекбай «Тандем» радиосына сұхбат беріп, алдағы мақсат-жоспары мен экология тақырыбында ой бөлісті.
— «Jasyl meken» ЖШС экологиялық жобалар жасаумен айналысады. Қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы жобаларды әзірлейтін және іске асыратын ұйымбыз. Компания экологиялық зерттеулер жүргізумен, қоршаған ортаға әсерді бағалаумен, ластанған аумақтарды тазарту бойынша жобалар құрумен, қалдықтарды басқарумен, сондай-ақ экологиялық мониторинг пен табиғи ресурстарды басқару стратегияларын әзірлеумен айналысады.
Қаламызда экологиялық сауат пен мәдениеттің біртіндеп көтеріліп келе жатқаны байқалуда. Оған дәлел — қаламызда орналасқан пластикалық бөтелкелер қабылдайтын 10-ға жуық фондамат. Мысалы, «Керуен» сауда орталығына кіреберістегі фондамат бірнеше күннің ішінде толып қалады. Яғни 1 пластикалық бөтелкені тапсыра отырып 10 бонус жинап, оны түрлі жеңілдіктерге айырбастауға болады. Қала тұрғындарының экологияға көзқарасы, мәдениетінің жоғарылауы қуантуда. Фондаматтардан бөлек, қабылдау пункттеріне барсаңыз да тапсырған алюминий банкалар, макалатура және пластик бөтелкелердің жалпы массасын өлшетіп, ақша ала аласыз.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында да мекеме қызметкелері сенбіліктерге шығып, көшеттер отырғызуға белсене қатысты. Триатлон парк, Қасқыр сарқырамасын қоқыстан тазалап, Алтын орта шағын ауданында ағаш екті. Мұндай шараларға жастарды ғана емес, аға буынды да шақырамыз.
Күнделікті өмірде дүкенге барғанда экошопперлерді қолдануға, тұрмыста бірреттік ыдыстарды пайдаланбауға, минималды стильде киініп, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеуге тапсыруға шақырамыз.
Жалпы, ақпараттарды, сенбіліктер мен акциялар, фондаматтар туралы «Инстаграмм әлеуметтік желісіндегі біздің парақшамыздан, «Экомәдениет» еріктілер ұйымының парақшасынан біле аласыздар, — деді Аяжан.