“Бұл менің қоқысым емес, бірақ – бұл менің планетам”
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экология кафедрасының оқытушысы, «Жасыл мекен» компаниясының директоры Әділбек Нұртазин осы тақырып бойынша жастармен кездесіп, экомәдениет туралы сөз сөйледі.
“Волонтерлар – 2024” шарасы аясында жоғарыда аталған оқу орнының Жастар сарайында өткен кездесуде эколог Әділбек әуелі сенбіліктің не екенін, оған не жататынын түсіндірді.
– Сенбілік дегенаумақтарды қоқыстан тазарту, гүлдер мен ағаштарды отырғызу, макулатура мен қайта өңделетін материалдарды жинау, қоқысты бөлек жинау, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына көмек көрсету акциялары, балалар алаңдарын салу және қалпына келтіру, қаланы абаттандыру, басқа да экологиялық және әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар.
Осындай сенбіліктердің мақсаты – қоршаған ортаны қоқыстан тазарту, қалдықтармен жұмыс істеу проблемасына жұртшылықтың назарын аудару, – деді спикер.
Сондай-ақ кездесу барысында оқытушы әрі кәсіпкер өзі басқаратын компания туралы, өңірдегі экология саласындағы ахуалды жақсарту үшін өткен жылдың күзінде Ақтөбе қаласына фандоматтарды орната бастағаны жөнінде тоқталды. Пластик, алюминий бөтелкелерді қабылдайтын аппараттың ауа, жер қабаттарын таза ұстауда үлесі мол. Әрі әр бөтелкеге арнайы қосымша арқылы 10 бонус беріледі. Оны жинап, сауда желілеріне, такси қызметіне, ойын-сауық орталықтарына, медициналық компанияларға жеңілдікке пайдалануға болады. Бұл Астана, Алматы сияқты орталық қалаларда жақсы жолға қойылған.
– Қоқысты сұрыптап, өңдеуден бөлек, адамдардың экомәдениетін көтерумен айналысамыз. Бұл мақсатта жастарға бүгінгідей экология тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізіп, көпшілік орындарда экожәшіктерді орнаттық. Эковолонтерлерді дайындаймыз. Меніңше, бұл іске неғұрлым көп адам жұмылдырылса, соғұрлым айналамыз да таза, табиғатымыз тамылжып тұрады. Өйткені айналып келгенде сол табиғаттан нәр алып, ауасын жұтып, суын ішеміз, – деді Әділбек Нұртазин.