МЕН ҚАЛАЙ ЭКОЛОГ БОЛДЫМ?

Card image cap

«Жасыл мекен» компаниясын мәуелі ағаш десек, оның әр бұтағына пара-пар қызметкердің күнделікті атқаратын жұмысына қарай әрқайсысының орны бөлек.  Біз серіктестіктің жас маманы Аяжан Ермекбайға сөз беріп, оның компанияға келу тарихын, қалай осы саланы таңдағанын білсек.

— Мамандығым — эколог, «Жасыл мекен» командасының мүшесімін. Мұнда екі жылға жуық жұмыс істеп келемін.

Қоршаған ортаға деген махаббат ерте кезден қалыптасты, бала кезімде ол жәндіктер мен гүлдерге деген қызығушылықтан басталды.

Мектепті үздік бітіргеннен кейін саналы түрде мамандығымды таңдап, студенттік жылдарымда оқуға үлкен зейін қойдым. Университетті де үздік аяқтадым, себебі экология және қоршаған орта туралы білу маған қызықты болды.

Жобалауға дейін мен Ақтөбе облысының экология департаментінде тәжірибе жинадым. Әріптестерімнің қолдауының арқасында жаңа дағдыларды дамыта алдым және жобаларды сенімді түрде жүзеге асыра бастадым. Өзімді тек маман емес, табиғатты шын жүректен жақсы көретін  экологтардың бірі ретінде санаймын. Мамандығым арқылы өзімді жер шарының бір кірпішін қалап жатқандай сезінемін…

Бөлімдегі атқаратын міндетіме келсем, қоршаған ортаға әсерді бағалау, осы бағыттағы түрлі жобаларды әзірлеу, мемлекеттік органдармен жұмыс жасау, қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру, порталға жобаларды тіркеу, жүктеу, сонымен қатар мерекелік шаралар мен туған күндерді ұйымдастыруға белсене қатысу.

Болашақта жаңа жобаларды жасап, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімді қосуды жоспарлаймын. Одан бөлек, барынша қалдықтарды сұрыптап, экомәдениетімді жоғарылатуға тырысамын. Өзім арқылы жанымдағы достарым да, жақындарым да жаңа әдеттер қалыптастырса ғана айналамызда тазалық, жүрегімізде сүйіспеншілік, ең бастысы проблемаға тіке қарап, соның шешімдерін рационалды қолдана аламыз деп есептеймін. Әрбір пластик бөтелкені қайта өңдеудің өзі адам ретінде табиғат алдындағы борышыңды орындау және  планетамызға жанашырлықпен қарау екенін көпшілік ұғынса деймін.