«ЖАСЫЛ МЕКЕН» ЖӘНЕ ESG ҚАҒИДАСЫ

«Жасыл мекен» компаниясының директоры Әділбек Нұртазин М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде өткен «Тұрақты даму мақсаттары: сын-тегеуріндер мен перспективалар» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шара аясында тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға байланысты өзекті мәселелер талқыланып, практикалық тәжірибе алмасу болды. Түрлі сала өкілдері өзара ой бөлісті.
— Қазіргі әлем саналы көзқарас пен қоғамның белсенді қатысуын талап ететін көптеген экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр.
Тұрақты даму және ESG қағидалары – жай ғана сәнді сөз емес, табиғатқа ұқыптылықпен қарауға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және тұрақты дамуға ұмтылуға негізделген өмір салты.
Экология жай ғана ғылым емес, қоршаған ортаны қорғауға саналылық пен белсенді қатысу арқылы қалыптасатын өмір салты.
ESG дегеніміз — бизнес-ортадағы үрдіс. Тікелей аудармасы: Environment, Social, Governance — «Қоршаған орта», «қоғам», «басқару».
Бұл тұжырымдаманың мәні мынада: бүгінде өркендеп келе жатқан бизнес кез келген жолмен ақша табуға мүдделі емес. Басымдықтардың ішінде осындай міндеттер де пайда болады:
➢қызметкерлер үшін қолайлы орта құру және қоғамның сұраныстарына жауап беру;
➢табиғатқа әсерді азайту бойынша шаралар қабылдау;
➢корпоративтік басқарудың жоғары сапасын қамтамасыз ету.
ESG принциптері компанияның тұрақты дамуына негіз болады.
Экологиялық қағида бойынша компанияның табиғатты қорғаушы ретінде қалай әрекет ететіні анықталады. Қоршаған ортаға келтіретін залал мен оның алдын алу барысында қолға алынған шаралар ескеріледі. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экология талаптары мен заңдылық шеңберінен аспау, табиғаттың ластануы мен парникті газдардың шығындыларына жол бермеуі қажет.
Мысалы, Timberland аяқ киім брендін қарастыруға болады. Бұл компания табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында Omni United Шина өндірушісімен серіктестік орнатқан. Олар пайдалануға жарамай қалған көлік дөңгелектерін қайта өңдеп, одан етік табандарын жасаумен айналысады.
Әлеуметтік қағида негізінде компанияның өз қызметкерлерімен, жеткізушілерімен, тұтынушылармен, серіктестерімен және қоғаммен қандай деңгейде қарым-қатынас жасайтыны айқындалады. Мұндағы талап бойынша еңбек сапасына жауаптылығы, жұмыс барысындағы әділдік, гендерлік тепе-теңдік, әлеуметтік жобаларды қаржыландыруы маңызды. Сонымен қатар жұмысшылардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі, адамдардың құқықтары мен бостандықтары, тұтынушы алдындағы жоғары жауапкершілік, кәсіби біліктілікті арттырып, үздіксіз даму мәселесі қаралуы тиіс және балалар мен құл еңбегін қанаудан аулақ болуы шарт, — деді Әділбек.