№10 мектептің кітапханасына 100-ден астам кітап табысталды

JasylMeken компаниясы «Ybyrai» қайырымдылық қорымен бірлесіп, №10 орта мектептің кітапханасына 100-ден астам кітап табыстады. Бұл бастама мектептегі білім беру ортасын қолдауға және оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Аталған акция «Ybyrai» қорымен серіктестікте жүзеге асырылды. Қор өз қызметінде білім беру бастамаларын қолдауға ерекше мән береді және әсіресе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуге бағытталған жобаларды іске асырып келеді. Қор мен біздің компания үшін мұндай бастамалар — әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды бөлігі әрі жас ұрпақтың дамуына қосылған үлес.

№10 мектептің таңдалуы да кездейсоқ емес. Дәл осы мектепте біздің компания қызметкері Аружан Төлегенова білім алған. Сондықтан бұл бастама мектеп кітапханасын қолдаумен қатар, білім берген оқу орнына деген алғыс пен құрметтің белгісі болды.

Компания және қызметкеріміз мектептің педагогикалық ұжымына олардың еңбегі, кәсібилігі және шәкірттерді тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.

«Біз үшін тек экологиялық бастамаларды ғана емес, білім беру саласындағы жобаларды да қолдау маңызды. Әрбір қызметкерімізді және олардың өмір жолын жоғары бағалаймыз. Сондықтан олардың білім алған мектептеріне құрметпен қарап, қолдау көрсету — біз үшін ерекше мәнге ие», — деді JasylMeken компаниясының директоры Адильбек Түгелбаевич.

Табысталған кітаптар мектеп кітапханасының қорын толықтырып, оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуге және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Білімге көрсетілген қолдау — қоғамның болашағына жасалған инвестиция.