АҚТӨБЕНІҢ ЭКОЛОГИЯСЫ НАЗАРСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Ақтөбе қаласында Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау және Павлодар облыстарының қоғамдық кеңес өкілдерінің бірлескен шарасы өтіп, делегаттар өңірдегі экология жайын бағамдады.
Мұндай форматта алғаш рет өткізіліп отырған басқосудың мақсаты — Ақтөбедегі өзекті мәселелерді талқылап, мониторинг жүргізу, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің жұмысы бойынша тәжірибе алмасу.
Жиналғандар әуелі Ақтөбе хром қосындылары зауытына барды. 1957 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан байырғы өндіріс орны, аты айтып тұрғандай, хром қосындыларын шығарады. Оны түрлі тауарларды жасарда шикізатқа пайдаланады. Еліміз бойынша баламасы жоқ, осындай өнім түрлерін өндіретін жалғыз зауыттың жылдық қуаттылығы, өткен жылдармен салыстырғанда, біраз бәсеңдеген. Мұндағылар оның себебін көршілес мемлекеттердегі геосаяси ахуалмен байланыстырады. Дей тұрғанмен, алыс-жақын елдерден сұраныс әлі де бар. Қазіргі таңда зауытта 2200 адам еңбек етеді. Өндіріс орнын аралаған жер-жердегі қоғамдық кеңес мүшелері көгалдандырудың тым аздығын, бұл санитарлық нормаларға сай келмейтінін айтты. Сондай-ақ экологияны жақсартуға арналған шараларды әлі де күшейту керектігін ескертті.
Түске жақын өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Тәттігүл Талаева бастаған топ брифинг өткізіп, Ақтөбеде экология, жол, сақалды құрылыстардың мәселесі ерекше өзекті екенін, белсенділер соны сын тезіне алып, жағдайды дұрыстауға тырысатынын баян етті. Бұдан бөлек, қоғамдық мониторингтің әлі де жалғасатынын қосты.
Ал облыс әкімдігі ғимаратында өткен кеңейтілген отырыста Тәттігүл Талаева:
— Ақтөбе хром қосындылары зауытының басшылығы бізге жыл сайын өндіріс орны маңында 300 ағаштың егілетіні жөнінде есеп берді. Бірақ іске келгенде соның ширегі де жоқ. Зауыттан шығатын зиянды түтінді «ұстап қалатын» шөптерге келгенде де көңілсіз көрініске куә болдық. Егер бәрі жоспарда жазылғандай болса, зауыттың айналасы баяғыда-ақ орманға айналатын кез жетті. Сондықтан табиғатты қорғау прокуратурасы, жергілікті билік, экологтар — бәріміз қажетті талаптың орындалуын бақылауымыз керек. Тек қоғамдық кеңес мүшелерімен ғана емес, жоғарыда аталған құзырлы орган өкілдерімен бірлесе тағы бір қоғамдық мониторинг өткізуді ұсынамын. Арнайы барайық. Прокурорлар соңғы 5 жылда зауытқа бірде-бір рет бармағанын ескерсек, ол жақта тексеретін дүние көп. Бүгінімізді ғана емес, ендігі 20-30 жылдан кейін келешек ұрпаққа не қалдыратынымызды да ойлайық, — деді.
Кеңеске қатысқан делегаттар да осы пікірді қуаттап, өзге қалалардағы ірі өндіріс орындарының үлгісін назарға алу қажеттігін, олардың заң аясында экологияны дұрыстауға арналған кешенді бағдарламаларды іске асыратынын тілге тиек етті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.