БОЛАШАҚ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЭКОЛОГИЗАЦИЯҒА ҚАДАМЫ

«Жасыл мекен» компаниясының басшысы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экология кафедрасының оқытушысы Әділбек Нұртазин М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетінің студенттерімен кездесті.
Басқосуда «EcoMed» еріктілер клубы ұйымдастырды. «Табиғат — біздің қолымызда» тақырыбында өткен кездесубарысында оқытушы әрі кәсіпкер өзі басқаратын компания туралы, өңірдегі экология саласындағы ахуалды жақсарту үшін Ақтөбе қаласында фандоматтарды орната бастағаны жөнінде тоқталды. Пластик, алюминий бөтелкелерді қабылдайтын аппараттың ауа, жер қабаттарын таза ұстауда үлесі мол. Әрі әр бөтелкеге арнайы қосымша арқылы 10 бонус беріледі. Оны жинап, сауда желілеріне, такси қызметіне, ойын-сауық орталықтарына, медициналық компанияларға жеңілдікке пайдалануға болады. Бұл Астана, Алматы сияқты орталық қалаларда жақсы жолға қойылған.
– Қоқысты сұрыптап, өңдеуден бөлек, адамдардың экомәдениетін көтерумен айналысамыз. Бұл мақсатта жастарға бүгінгідей экология тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізіп, көпшілік орындарда экожәшіктерді орнаттық. Эковолонтерлерді дайындаймыз. Меніңше, бұл іске неғұрлым көп адам жұмылдырылса, соғұрлым айналамыз да таза, табиғатымыз тамылжып тұрады. Өйткені айналып келгенде сол табиғаттан нәр алып, ауасын жұтып, суын ішеміз, – деді Әділбек Нұртазин.
Соңында ұйымдастырушылар Әділбек Нұртазинді Алғыс хатпен марапаттады.