Jasylmeken «Жасыл офис» жобасын кеңейтуде: Астанада «KEGOC» АҚ филиалы үшін оқыту өткізілді
Jasylmeken компаниясы Астана қаласында «Жасыл офис» жобасы аясында «Қазақстан электр желілерін басқару компаниясы» (KEGOC) акционерлік қоғамының «Ақмола электр желілерін басқару» филиалы үшін оқыту сессиясын өткізді.
Аталған жоба бұған дейін компанияның Ақтөбе филиалымен бірлесіп сәтті жүзеге асырылған болатын. Ал Ақмола филиалымен әріптестіктің басталуы KEGOC құрылымында экологиялық бастамаларды ауқымды түрде дамытудағы жаңа кезеңге жол ашты.
Оқыту барысында кеңсе қызметін экологияландырудың заманауи тәсілдері қарастырылды. Атап айтқанда, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу, ресурстарды тиімді басқару және қызметкерлер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, кеңсе жұмысына айтарлықтай шығынсыз енгізуге болатын, бірақ нақты экологиялық нәтиже беретін практикалық шешімдер ұсынылды.
Jasylmeken сарапшысы қатысушыларға экологиялық жүктемені азайту бойынша нақты кейстер мен ұсыныстар ұсынып, ұйымдарда «жасыл» бастамаларды жүйелі түрде енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Жасыл офис» жобасын жүзеге асыру қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтумен қатар, корпоративтік мәдениетті нығайтуға, қызметкерлердің белсенділігін арттыруға және компанияның тұрақты имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Jasylmeken компаниясы корпоративтік экологиялық шешімдер бағытын одан әрі дамытып, жобалардың географиясын жүйелі түрде кеңейтуді жалғастыруда. Компания бизнес үшін ESG қағидаттарын енгізу және тұрақты даму тәжірибелерін қалыптастыруда сенімді серіктес ретінде әрекет етеді.


«Jasylmeken» ЖШС