«МЕНІҢ ЭКО-СТИЛЬДЕГІ ӨМІРІМ»: ЖАСТАРМЕН ЕРКІН КЕЗДЕСУ

Card image cap

«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл мекен» компаниясының ұжымы Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжінде «Менің эко-стильдегі өмірім» тақырыбында танымдық кездесу өткізді.  

Кездесуді компания басшысы Әділбек Нуртазин ашып, жалпы экологиялық сауат, экомәдениеттің болашақ ұстаздар үшін маңыздылығын түсіндірді. Себебі ұрпақ тәрбиесінде тәрбиелешілер мен ұстаздардың рөлі жоғары.

Спикер Мәдина Капина іс-шара барысында жиналғандарға экологиялық сән, жасыл технологиялар, қайта өңделетін материалдар мен саналы тұтыну мәдениеті жайлы тың мәліметтермен бөлісті. Әлемнің жетекші елдеріндегі экологиялық жобалар мен бастамалар туралы ақпараттар берді. Экология – тек табиғатқа емес, адамзаттың болашағына деген қамқорлық екенін айтты.

Ал «ЭкоАқтөбе: жаңа қаланың стилі» баяндамасы соңғы жылдары Ақтөбеде жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалар туралы болды. Спикер Тоты Кульмуханбетова «Таза Қазақстан» акциясы, сенбіліктер, көгалдандыру және шағын бизнестің тұрақты даму жолындағы жобалар туралы айтып берді. Нақты мысалдарға назар аударылды: көп рет қолдануға болатын стақандар үшін кафелерде берілетін жеңілдіктер, пластикалық пакеттерді шопперлермен алмастыру, фандоматтарды орнату және екінші реттік шикізатты қабылдау пункттерін құру.

Екі жылдық тәжірибесі бар эколог-инженер Аяжан Асқарқызы «Эко-стильдегі менің өмірім» тақырыбында презентациясын таныстырды. Ол тек эколог маман ғана емес, ғаламшар тұрғыны ретінде өз таңдауын айтып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау керектігін атап өтті. Сонымен қатар, өз өмірінде спортпен айналысу, рационалды тамақтану, ресурстарды үнемдеу және пластикалық пакеттердің орнына шопперлерді пайдалану, пластик бөтелкелерді сұрыптау, тамақ қалдықтарының өңделуі сияқты экологиялық әдеттерімен бөлісті.

Жиында тұрмыстық эко-әдеттер туралы да кеңінен айтылды. Атап айтсақ, өнімдерді қайта пайдалану, сенбіліктерге қатысу және көгалдандыру жұмыстары.

Соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын ортаға салды.