Ж. Тәшенов атындағы №68 мектептің кітапханасына 100-ден астам кітап табысталды

Білім — болашаққа апарар ең сенімді жол. Осы құндылықты негізге ала отырып, JasylMeken компаниясы «Ybyrai» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, Ж. Тәшенов атындағы №68 орта мектептің кітапханасына 100-ден астам кітап табыстады.

Бұл бастама жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыруға, олардың ой-өрісін кеңейтуге және кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған игі қадам болды.

Аталған акция «Ybyrai» қайырымдылық қорымен бірлесіп жүзеге асырылды. Қор өз қызметінде балалардың білім алуына, әсіресе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға ерекше мән береді. Мұндай бастамалар — тек қайырымдылық шарасы ғана емес, болашақ ұрпақтың дамуына бағытталған маңызды әлеуметтік инвестиция.

Бұл мектептің таңдалуы да ерекше мәнге ие. Ж. Тәшенов атындағы №68 мектеп — JasylMeken компаниясының қызметкері Аружан Мергенованың білім алған білім ордасы. Сондықтан бұл бастама туған мектебіне деген алғыс пен құрметтің белгісі ретінде де жүзеге асырылды.

Компания мен қызметкеріміз мектептің педагогикалық ұжымына сапалы білім беріп, шәкірттердің тұлғалық қалыптасуына қосқан еңбегі үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.

«Біз әрбір қызметкерімізді және олардың өмір жолын жоғары бағалаймыз. Қызметкерлеріміз білім алған мектептерді қолдау арқылы біз болашақ мамандар қалыптасатын білім беру ортасына үлес қосамыз. Осындай білім ордаларынан еліміздің дамуына үлес қосатын білімді, жауапты азаматтар өсіп шығады», — деді JasylMeken компаниясының директоры Адильбек Түгелбаевич.

Табысталған кітаптар мектеп кітапханасының қорын толықтырып қана қоймай, оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға сеп болады.

Білімге жасалған әрбір қолдау — болашаққа жасалған инвестиция.