ЖАҢА ЖОБА — «JASYL BAQSHA»
«Жасыл балабақша» жобасы аясында «Жасыл мекен» компаниясы «Eco Madeniet» ЖШС-мен бірлесе балабақшадағы балалар үшін «Jasyl Baqsha» білім беру бағдарламасын әзірледі. БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі 17 мақсаты бойынша дайындалған жоба бұл.
Басты мұрат — мектепке дейін білім беру ұйымдарына барып жүрген балаларға пайдалы білім беру контентін ұсыну, соның ішінде экологиялық алғашқы түсінік беру. Балаға кішкентайынан-ақ қоршаған ортаны қорғауға, айналаға қамқорлықпен қарауға үйрететін бағдарламаның тәрбиелік те мәні зор.
3-6 жастағы балаларға арналған бағдарламаны дайындау барысында қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі әдістемелік құралдар, озық тәжірибелер басшылыққа алынды. Соның ішінде ЮНЕСКО-ға қарасты клубтардың бірігей тәжірибесі негіз болды. Бағдарлама 15 мысалға құралған сабақтардан тұрады. Мұнда жергілікті экологиялық, экономикалық және әлеуметтік жағдай да ескерілгенін айта кету керек.
Бағдарламаны жүргізетін тәрбиешілер үшін компанияның басшысы Әділбек Нұртазин түсіндіру жұмыстарын жасап, олардың қосымша сұрақтарына жауап берді. Өйткені мұнда экологиялық түсінік ойын арқылы ғана емес, педагогика, менторлық, коучинг, т.б. бағыттар бойынша беріледі. Айталық, жоба аясында қоқысты қалай сұрыптау керек, жарықты қалай үнемдеуге болады, т.с.с. қарапайым мысалдар туралы мағлұмат алуға мүмкіндік бар.
Осы жоба бойынша таныстырылым жұмыстары Ақтөбе қаласындағы «Айлин», «Әлем» балабақшаларында жасалды.