«ЖАСЫЛ МЕКЕН» КОМПАНИЯСЫНЫҢ «БАЙТАҚ» ПАРТИЯСЫМЕН ӘРІПТЕСТІГІ

«Жасыл мекен» компаниясының өкілдері «Байтақ» жасылдар партиясының Ақтөбе облыстық филиалының IV конференциясына қатысып, нәтижесінде арадағы байланыс беки түсетін болды.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев, партия мүшелері, филиал делегаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, экологиялық сарапшылар және БАҚ өкілдері қатысқан жиында «Жасыл мекен» компаниясының директоры Әділбек Нұртазин де сөз сөйледі.
Ақтөбе облысындағы экологиялық мәселелерді шешу бойынша стратегиялық бағыттар, 2025 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланған жиында партияның облыстық филиалының төрағасы болып Ерәділ Үббіниязов сайланды.
Қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық сауатын арттыру және жасыл бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтқан «Байтақ» партиясы кәсіби экологтар ретінде «Жасыл мекен» компаниясын бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Атап айтқанда, өңірде ұйымдастырылатын қоғамдық тыңдауларға сарапшы ретінде қатысуды және «Жасыл ел» жасағының жұмысына атсалысуды ұсынды. Алдағы уақытта бұл жұмыстың жай-жапсары пысықталатын болады.

