«ЖАСЫЛ МЕКЕН» ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІКТЕН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында сенбіліктер басталды. Экологиялық бастамаға «Жасыл мекен» компаниясы да атсалысып жатыр.
27 наурыз бен 31 мамыр аралығында облыста елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша екі айлықтың жарияланғаны белгілі. Негізгі мақсат — аумақтарды тазалау, көгалдандыру және өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту.
Сенбілікке облыс әкімі Асхат Шахаров пен Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет те қатысып, белсенді ақтөбеліктерге алғыс айтты. Мемлекеттік қызметкерлер саябақтарды тазалау барысында ақсақалдардың алғысын алды.
— Бізге сіздердей үлкендердің ақыл-кеңесі мен қолдауы аса маңызды. Жастарды өз ауласын, қаламызды таза ұстауға шақырып, бағыт-бағдар беріп отырсаңыздар, нұр үстіне нұр. Тазалық — тәртіптің белгісі. Сенбілікпен ғана шектелмей, күнделікті тазалыққа мән беруіміз қажет, — деді Асхат Шахаров.
Ақтөбе қаласы әкімдігінің мәліметінше, тазалық шарасына қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар беріліп, арнайы техника жұмылдырылған. Екі айлық барысында Ақтөбедегі қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны қоқысты тегін қабылдайды.
Бұл күні облыстың барлық ауданында да тұрғындар сенбілік жұмыстарына белсенді қатысты.